Жамбыл облысына жұмыс сапармен келген ҚР Президент Қ.К.Тоқаев «Тараз» шағын индустриалдық аймағымен танысты. Мемлекет басшысының назарына облысқа инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобалары көрсетілді.
https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-taraz-shagyn-industrialdyk-aymagyn-aralap-kordi-25114325
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы индустриаландыру, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, инвестициялық пул туралы мәлімет берілді. Жалпы биыл өңірге 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өсім 33 пайызды құрап отыр. Соңғы 2 жылда облыста 56 инвестициялық жоба іске асырылған.
Мемлекет басшысы жетекші кәсіпорынның бірі - “Казфосфат” серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру жобасымен де танысты. Инвестициялық жобаны “Казфосфат” ЖШС Бас директоры Пак Евгений Геннадиевич арнайы көрсетіп, өндірістің келешек қуатын айқындап берді. Айта кетейік, ірі химиялық кешен құрылысы 2028 жылы Жаңатас қаласында аяқталады. Өндіріс іске қосылғанда 1200 кәсіби маман тұрақты қызмет табады. Өндірістің жылдық қуаты - 1 млн тонна аммофос. Жобаның мақсаты – өнім қатарын MAP, DAP және NPK маркаларына сай жоғары сапалы тауармен толықтыру. Премиум маркалы аммофос келешекте ішкі және шетелдік нарыққа жөнелтіледі. Ірі химиялық кешенге салынған инвестициялық көлем – 300 млрд теңге.
Мемлекет басшысына өндірістің бүгіні мен ертеңін саралап берген «Казфосфат» компаниясының Бас директоры 2025 жылдың басты сандарын сөйлетті. Биыл жұмысшы мамандықтар жылы кәсіпорын рекорд өніммен қорытындылап, жұмысшылардың мерейін үстем етті. Мәселен, бұл жылы кәсіорын 750 мың тонна аммафос өндірген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 58%-ға артық. Сондай-ақ 345 мың тонна күкірт қышқылы мен 24 мың тонна үшкальцийфосфат өнімі өндірілді. Бұл соңғы 4 жылда болмаған өндірістік нәтиже. Компания сапалы өнімді 15 елге немесе әлемнің 3 құрлығына экспорттап отыр. Жаңа инвестициялық жоба жүзеге асса, экспорттық көкжиек кеңеймек.
Жалпы жұмысшы мамандықтар жылына қорытындылаған компания биыл «емдік жәрдемақы» жүйесін енгізді. Жұмысшылардың еңбекақысы артып, орташа жалақы – 522 мың теңгеге жетті. 3148 қызметкердің басын біріктірген компания «ұжымдық шарт» аясында биыл 671 млн теңгеге әлеуметтік қамқорлық көрсетті. Президентке баяндама жасаған компанияның бас директоры өндірісті дамыту мен инвестициялық жобалар легі жалғасады – деді.
